Жеңілмеген қазақстандық екі боксшының келесі жекпе-жектеріне дайындығы басталады

YouTube-тегі видеодан жасалған сурет
Екінші орта салмақта жұдырықтасатын Айдос Ербосынұлы (13-0, 9 КО) мен жартылай орта салмақтағы Нұрсұлтан Жаңабаевтың (8-0, 5 КО) келесі жекпе-жектеріне арналған жаттығу лагері қашан басталатыны белгілі болды, - деп хабарлайды Vesti.kz.

Боксшылар 10 ақпан Алматыда жаттыға бастайды. Бірінші жаттығу жиынынан кейін қазақстандық кәсіпқойлардың келесі жекпе-жектерінің орны мен уақыты белгілі болады.

Айта кетейік, Жаңабаев жарақат салдарынан 21 желтоқсан Красноярда өткен бокс кешіне венесуэлалық Эрнесто Эспаномен (30-2-1, 25 КО) белгіленген жекпе-жекке шыға алмады. Осы шоуда Ербосынұлы өзге венесуэлалық боксшы Омар Гарсияны (15-3, 12 КО) нокаутқа түсірді. 

Еске салайық, Ербосынұлында екінші деңгейлі WBA Inter-Continental, WBO Global және WBC Asia белбеулері бар. Ал Жаңабаевта аймақтық WBA Inter-Continental мен WBO Oriental титулдары бар. Екі боксшының да ісін Suleimen Promotions компаниясы жүргізеді.