"Жәнібек екі қолы да қарулы ауыл жігіті". Мырзағали Айтжанов Әлімханұлының жеңісіне сенімді

Сурет: Boxing Social

Әуесқой бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері Мырзағали Айтжанов орта салмақта өнер көрсетіп жүрген Жәнібек Әлімханұлының 27-маусымда болатын жекпе-жегінде жеңіске жетуіне толық мүмкіндігі бар деп есептейді. Бұл турасында маман Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеді.

"Жәнібек жерлестеріміздің арасында кәсіпқой бокста үміт артып отырған жігіттердің бірі. Кезінде Top Rank, Боб Аруммен қол қойғанына қуаныштымын. Себебі ол әлемдегі ең мықты промоутерлік компаниялардың бірі. Келешегінен үміті бар боксшыларды таңдайды. Жәнібекте Олимпиаданың медалі болмағанымен, әлем чемпионатында және Азия ойындарында алтын алған. Әттеген-ай дегені тек Риодағы Жазғы ойындарда жүлдеге іліге алмады. Алтынға лайық еді. Төрешілік жағынан да қысым болды. Жалпы алғанда Жәнібектің екі қолы да қарулы. Ауылдан шыққан қазақтың қарапайым, жілік майы толысқан жігіті. Бұйырса алдағы кездесуінде қазақ елін қуантады деген ойдамын. Оған барлық мүмкіндігі бар. Төккен тері, одан бөлек сонша жыл әуесқой бокста тәжірибесі және бар. Шеберлігі шыңдалған. Кезінде ұлттық құрамадағы сенімді ақтап жүрген шәкірттерімнің бірі ғой. Сондықтан әрқашан байланыстамын. Әр жекпе-жегінің алдында сөйлесіп, ақ батамды беріп отырамын. Бұйырса Роб Брантпен өтетін бәсекесінде тек қана жеңіс тілеймін".

Еске салсақ, 26-маусым Лас-Вегаста Василий Ломаченко (14-2, 10 КО) мен Масаеши Накатани (19-1, 13 КО) жекпе-жегінің андеркардында жерлесіміз Жәнібек Әлімханұлы (9-0, 5 КО) мен әлемнің экс-чемпионы америкалық Роб Брантпен (26-2, 18 КО) жұдырықтасады. Трансляция елорда уақытымен 27-маусымда таңғы сағат 8.00 басталады.

Показать комментарии