Жәнібек Әлімханұлы 18 боксшыны сұлатқан бұрынғы чемпионымен жекпе-жекке шығады

Сурет боксшы командасының Facebook желісінен

Орта салмақтағы қазақстандық проспект Жәнібек Әлімханұлының (9-0, 5 КО) келесі жекпе-жегі өтетін уақыт пен қарсыласы белгілі болды, деп хабарлайды Vesti.kz

BoxRec мәліметінше, 28 жастағы Жәнібек келесі айқасында 30 жастағы америкалық Роб Брантпен (26-2, 18 КО) жұдырықтасады. 26 маусым Лас-Вегастағы бокс кешінде өтетін жекпе-жек он раундқа есептелген.  Ал бұл шоудың басты кездесуінде украиналық Василий Ломаченко (14-2, 10 КО) мен жапониялық Масаеши Накатани (19-1, 13 КО) қарсы тұрады.

Қазақ боксшының қарсыласы 2018 жылы жапониялық Риота Муратаны (14-2, 10 КО) жеңгенімен белгілі. Осылайша, америкалық боксшы орта салмақта WBA белбеуін жеңіп алады. Дегенмен бір жылдан кейін жапониялық боксшы қарымта айқаста Брантты екінші раундта нокаутқа түсірген. 

Роб Брант кейінгі рет рингке былтыр тамызда шығып, украиналық Виталий Копиленконы (28-3, 16 КО) жеңген.

Ал Жәнібек былтыр қазанда жұдырықтасып, аргентиналық Гонсало Корионы (16-4, 6 КО) нокаутқа түсірген.