Головкиннің бұрынғы қарсыласы өзбекстандық Бектемир Меликузиевты есінен тандырды

Сурет: badlefthook.com

35 жастағы америкалық Габриэль Росадо (26-13-1, 15 КО) Эль-Пасода өткен бокс кешінде 25 жастағы өзбекстандық Бектемир Меликузиевты (7-0, 6 КО) жеңді, деп хабарлайды Vesti.kz.

Әуесқойда Олимпиада жүлдегері және әлем чемпионы болған өзбек боксшы жекпе-жекті жақсы бастап, бірінші раундта-ақ қарсыласын нокдаунға түсірген.

Алайда үшінші раундта ол америкалық боксшының ауыр соққысын өткізіп алып, орнынан тұра алмады. 

Осылайша, Росадо екінші орта салмақта WBA Continental Americas және WBO International титулдарын жеңіп алды. Ал Меликузиев кәсіпқойдағы карьерасында бірінші рет жеңілді.

Еске салайық, 2013 жылы Росадо қазақстандық Геннадий Головкинмен (41-1-1, 36 КО) жұдырықтасып, жетінші раундта нокаутқа түскен.

Сонымен қоса, бұл бокс кешінде GGG-дің кейінгі қарсыласы польшалық Камил Шеремета (21-1, 5 КО) мексикалық Хайме Мунгиядан (37-0, 30 КО) нокаутпен жеңілді.