Амеркиалық чемпион Головкиннің "Канеломен" қыркүйекте жұдырықтасу жоспарын бұзбақ

Сурет: Fightnews.info
Екінші орта дивизионда IBF титулына ие америкалық Калеб Плант (20-0, 12 KO) АҚШ-тағы карантин аяқталған соң төрт салмақта әлем чемпионы мексикалық Сауль "Канело" Альвареспен (53-1-2, 36 KO) жұдырықтасуға дайын екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Boxingnews24.com.

Плант "Канелоның" мамырдағы жекпе-жегіне қарсылас болуы мүмкін еді, алайда, ол Golden Boy ұсынысын қабылдамаған болатын. Амеркиалық боксшы дайындыққа уақыттың тым аз екенін айтқан - ақпанда ол титулын бірінші рет қорғап, оныншы раундта германиялық Винсент Файгенбутцты (31-3-0, 28 KO) жеңген. 

"Өзімді тамаша сезінемін. Қыркүйекке дайын боламын. "Канелоның" командасы маған дайындыққа уақыт бермей, қысым жасауға тырысқан, бұл ақымақтық болды. Әлемдік деңгейдегі боксшы ретінде маған ойға қонымды дүние ұсыну керек болатын, солай емес пе? Бұл асқақтағаным емес. Сондықтан карантиннен кейін жұдырықтасуға дайынмын", - дейді Плант.