2017 жылдың ең мықты менеджері Қанат Исламның ісін жүргізуді тоқтатты

The Ring тұжырымы бойынша 2017 жылдың ең үздік менеджері Эгис Климас қазақстандық кәсіпқой Қанат Исламмен (27-0, 21 КО) жұмыс істеуін тоқтатты, - деп хабарлайды Vesti.kz.

Менеджер мен боксшының арасы 5 шілде Алматыда өткен Хулио Де Хесуспен (28-2, 27 КО) жекпе-жектен кейін үзілді. Алайда іскерлік қарым-қатынастың тоқтау себебі белгісіз. Осы жекпе-жекте Қанат Ислам орта салмақта WBO International титулын жеңіп алған еді. 

Айта кетейік, амеркалық менеджер қазақ боксшының ісін 2018 жылдың ақпанынан бастап жүргізген еді. Ал қазір Қанат Исламның істерімен Нельсон Лопес айналысатын болды. Оның бастауымен қазақстандық 26 қазан Алматыда намибиялық Уолтер Каутондоквамен (18-2, 17 КО) жекпе-жек өткізді. 

Ал Климас қазіргі таңда Сергей Ковалев (34-3-1, 29 КО), Василий Ломаченко (14-1, 10 КО) мен Александр Усиктің (17-0, 13 КО) ісін жүргізеді. Сонымен бірге, менеджер командасында Жәнібек Әлімханұлы (7-0, 3 КО), Мадияр Әшкеев (13-0, 6 КО), Мейірім Нұрсұлтанов (11-0, 8 КО) және Сағадат Рахманқұлов (5-1, 3 КО) сияқты қазақ боксшылар бар.