"14 қадам артқа". Деревянченконың бапкері GGG-дің соңғы жекпе-жегінің кемшілігі жайлы

© hannibalboxing.com
Украиналық боксшы Сергей Деревянченконың (13-1, 1 КО) бапкері Андре Розье қазақстандық Геннадий Головкиннің соңғы жекпе-жегіне қатысты пікірін айтты, - деп хабарлайды Vesti.kz.

9 маусымда Головкин канадалық Стив Роллспен жұдырықтасып, қарсыласын нокаутпен жеңген болатын.

"Бұл күлкілі болды. Шын айтамын, GGG үшін Роллсқа қарсы жекпе-жек - артқа жасалған 14 қадам. Басында Головкин сақ жүрді, кейін шабуыл жасап бастап еді, жекпе-жек бітіп қалды. "Әзір асықпай-ақ қояйын, ешкім мұны мисматч деп ойлап қалмасын" дегендей болды. Бірақ жекпе-жек туралы хабарлаған кезде, "Не? Не үшін? Неге Роллс?" деп таңдандым", - деді Розье.

Айта кетейік, Головкин мен Деревянченко жекпе-жегі 5 қазанда Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында өтеді. Андре Розье үшін бұл Головкинге қарсы үшінші жекпе-жек болмақ. Бұған дейін оның шәкірттері Кертис Стивенс пен Дэниэл Джейкобс қазақстандық боксшыдан жеңіліп қалған еді.