Головкиннің промоутері "Канелоға" қарсылас тауып берді

"Канело" Альварес. Сурет: boxingscene.com
Төрт салмақ бойынша әлем чемпионы мексикалық Сауль "Канело" Альварес (53-1-2, 36 КО) 12 қыркүйек күні АҚШ жерінде өтетін келесі кездесуіне қарсылас тапты. Бұл туралы vRINGe.com порталы хабарлап отыр. 

"Канелоға" қарсылас табуға Эдди Хирн (Matchroom Boxing) көмекке келіп, төрт бірдей боксшыны ұсынған. "Эдди айдың басында Golden Boy компаниясының басшыларына хабарласып, 12 қыркүйек күні Альвареске қарсы Каллум Смит, Джон Райдер, Деметриус Андраде және Дмитрий Бивол секілді төрт боксшының шығуға дайын екенін айтты. Бірақ содан соң Хирн компаниядан ешқандай жауап алмапты", - деп жазады инсайдер Майк Коппинджер (The Athletic). 

Альварес соңғы жекпе-жегін жартылай ауыр салмақта WBO белбеуінің иегері ресейлік Сергей Ковалевке қарсы өткізіп, жеңіске жетті. Алайда кейін мексикалық боксшы бұл белбеуден бас тартты. "Канело" келесі кездесуін орта салмақта өткізуге ниетті. Бұл салмақта ол WBA (Regular), WBC Franchise және WBA (Super) белбеулерінің иегері. Алдағы кездесуде осы белбеулерін қорғауы мүмкін. 

Хирн ұсынған төрт боксшының үшеуі әлем чемпионы. Тарқатып айтсақ, Смит екінші орта салмақта WBA (Super), Андраде орта салмақта WBO, ал Бивол болса жартылай ауыр салмақта WBA (Super) белбеуінің иегері. Райдер болса соңғы кездесуінде Смиттен жеңіліп, белбеуге қол жеткізе алмады. 

Бірнеше сағат бұрын GlaserBoxing.com порталының инсайдері Альварес 12-қыркүйек күнгі кездесуіне Райдермен кездесу өткізу туралы шешім қабылдағанын жариялады. 

Айта кетейік, Райдер 2019 жылы Головкинмен кездесу өткізу туралы ұсыныс алған. Бірақ британдық боксшы ол жекпе-жектен бас тартқан. Ал қазақстандық боксшы Стив Роллспен кездесіп, жеңіске жеткен болатын. 

Еске салайық, Хирн Геннадий Головкинмен де (40-1-1, 34 КО) жұмыс істейді. Промоутер 2021 жылы Головкин мен "Канело" арасындағы үшінші кездесуді ұйымдастырғысы келеді екен. 




Жаңалықтар