Найджел Доус "Барыс" сапына қосыла ма? Клуб жауап берді

Найджел Доус. Сурет "Барыстың" ресми сайтынан алынды.
Хоккейден Қазақстан құрамасының шабуылшысы Найджел Доус Құрлықтық хоккей лигасының жаңа маусымында "Барыс" сапында ойнамайды, деп хабарлайды Vesti.kz

""Барыс" Найджел Доуспен ешқандай келіссөз жүргізіп жатқан жоқ", - деп түсіндірді клубтың баспасөз қызметі. 

Шабуылшы "Барыс" сапында жеті маусым өткізген еді. Бұл уақыттың ішінде ол 415 кездесуге қатысып, 376 (217+159) ұпай жинаған. Сонымен қатар елордалық клубтың бұрынғы капитаны Қазақстан ұлттық құрамасымен бірге екі әлем біріншілігіне және бір рет Олимпиада ойындарына қатысқан. 

Еске салайық, маусымаралық үзіліс кезінде "Барыс" 26 жастады швед шабуылшысы Якоб Лильяны қатарына қосты. Оған дейін команданы қақпашы Йони Ортио және шабуылшы Мэтт Фрэттин толықтырған болатын.