"Барыс" маусым алдындағы дайындықты қашан бастайтыны белгілі болды

Сурет "Барыстың" сайтынан алынды.
"Барыс" хоккей клубының бас бапкері Юрий Михайлис команданың Құрлықтық хоккей лигасының жаңа маусымы алдында жаттығу жұмыстарын қашан бастайтынын айтты. Оның айтуынша, елордалық клуб жаттығу жұмыстарына 10 тамызда кіріседі екен. 

Еске салайық, әу баста елордалық ұжым Нұр-Сұлтан қаласында шілденің ортасында жиналуы керек еді. Бірақ, елімізде енгізілген карантинге байланысты жаттығу жиындары кейінге шегерілді. 

Бір апта бұрын карантинге байланысты 3 тамызға жоспарланған Президент кубогінің өтпейтіні белгілі болды. Михайлистің айтуынша, ол маусым алдындағы жоспарды үш рет өзгертіпті. 

"Біз дайындықты басқа командалар секілді уақытында бастаймыз деп үміттендік. Бірақ еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты жоспар өзгеріп жатыр. Сол үшін мен үшінші жоспар құрдым. 

Енді жаттығуды 10 тамызда бастаймыз деген үміттемін. Барлығымыз хоккейді сағынып қалдық. Барлық ойыншылар да уайымдап жатыр. Хоккейшілер өздігінен дайындалуда. Олар өз істерінің шебері. Біз дайындықты бастағанда барлық ойыншылардың физикалық дайындығы мықты болады. Мұндай жағдайда әрине жаттығу жасау қиын", - деді Михайлис ҚХЛ-дың ресми сайтына берген сұқбатында. 

Айта кетейік, Құрлықтың хоккей лигасының жаңа маусымы 2 қыркүйек күні басталады. 




Метки: