Олай істемеу керек еді, ер жігіттің екі сөйлегені... - "Қазақ жауынгері" Қанат Ислам туралы

5 қыркүйек 2019 11:32
© zhasorken.kz
"Қазақ жауынгері" лақап атты кәсіпқой боксшы Елшат Нығметоллаұлы Youtube-тегі ALAMAN LIFE арнасына берген сұхбатында белгілі боксшы Қанат Исламға ренішін білдірді. 

Боксшының сөзінше, Qazaq Promotions компаниясымен енді ешқандай қатысы жоғын, әркім өзбетінше жұмыс істейтін болған. 

Ал жүргізушінің "Қанат ағаңа ренжіп жүрсің бе?" деген сұрағына боксшы: "Ешқандай ренжісім жоқ, бұл өмірде ешқандай адамға ренжіп көрген жоқпын. Бірақ бірдеңе боп тұр, мен өзім оны айтып шығара алмаймын" дейді. 

Бағдарлама барысында Қытайда туып, жақында Қазақстан азаматтығын алған спортшы басынан өткен қиындықтар туралы айта отырып, мән-жайды тарқатқандай болды.

"Далада қонып қалған күндер, бір-екі күн тамақ ішпей жаттығуға келген жағдайлар болды. Ешкім ешкімге міндетті емес, бірақ, Бауыржан атамыз айтқандай: "ер жігіттің екі сөйлегені - өлгені". Қытайдан бері қарай Қанат Ислам десе, ішкен асымызды жерге қоятын бірден-бір жігіттің бірі біз болғанбыз. Өкініштісі, бұл жаққа келіп не болғанын білмеймін. Қасында жүрген біреулер азғырып кетті ма білмеймін. Ағамды түсінбей қалдым. Негізі олай істемеу керек еді. Мені сыртқа теуіп тастады. Осылай болды. Шыны керек", - дейді боксшы. 



Сонымен бірге, боксшының бапкері Сағатбек Мұсаханов спортшының келесі жекпе-жегі қашан өтетін айтты. Маманның сөзінше, Елшат 29 қыркүйек Ақтөбеде өтетін боксшы кешінде жұдырықтаспақ. 
Метки:
Жаңалықтар