"Командада темірдей тәртіп орнатады". Белгілі бокс маманы Қазақстан құрамасының жаңа бас бапкері жайлы

8 қыркүйек 2021 10:18
©ҚБФ

Күні кеше ғана бокстан ерлер арасында Қазақстан құрамасының бас бапкері ауысқаны белгілі. 2018 жылдан бері тізгінді ұстап келген Ғалымбек Кенжебаевтың орнын Қайрат Сәтжанов алмастырды. Сайтымызға берген сұхбатында жаттықтырушы Париж Олимпиадасында жалпы есепте бірінші орын алып, сол ойындарда 3-4 алтын алатынын мәлімдеген болатын. Жаңа бапкердің тағайындалуына орай белгілі бокс маманы ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы, КСРО-ның екі дүркін чемпионы Кәрімжан Әбдірахманов жылы лебізін білдірді.

"Осыған дейін жұмыс істеген Ғалымбек Кенжебаев мықты бапкер. Өкінішке қарай, бүкіл әлемді жаулаған пандемияның салдары кері әсерін тигізді. Жақсы нәтиже көрсетуіне мүмкіндік болмады. Қайрат Сәтжановтың жаңа қызметіне тағайындалғанына қуаныштымын. Ол кісі де өте білікті, тәжірибелі жаттықтырушы. Қайрат Сәтжанов өзінің командада темірдей тәртіп орнатуымен мықты. Көп жылдар бойы жастармен жұмыс істеді. Жастардың бабын жақсы біледі. Мысалы, бір салмақта чемпион шықса, сол салмақтың өзінде одан бөлек 3-4 боксшыны қатар дайындайтын. Сол секілді ұлттық құрамаға да бұйырса сайдың тасындай іріктелген былғары қолғап шеберлері тартылатын болады. Әрине, әр кездері құлдырау болып тұрады. Бірақ әлі күнге дейін әлемде қазақ боксымен санасады. Мәселен, кезінде 70 жыл дүркіреп тұрған КСРО-ның өзі Жазғы Олимпиада ойындарында бас аяғы 13 чемпионды дайындаса, тәуелсіз қазақ елінің 30 жылдық тарихында 7 чемпион шықты. Олардың арасында Вэл Баркер Кубогін 3 былғары қолғап шеберіміз алды. Сондықтан Сәтжановқа сәттілік тілеймін. Ұлттық құраманы дағдарыстан алып шығатынына сенімдімін", - дейді маман Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Жаңалықтар