"Қазақ елі үшін үлкен жаңалық болады". Жәнібек Әлімханұлының ұстаздарының бірі боксшының алдағы жоспары жайлы

©Дастан Сәдуақасовтың жеке мұрағатынан

Жәнібек Әлімханұлы (11-0, 7 КО) АҚШ-тың Лас-Вегасында кәсіпқой рингтегі кезекті жекпе-жегін жеңіспен аяқтады. Бұл жолғы қарсыласы франциялық Хассан Н'Дам Н'Жикамды (38-6, 21 КО) әуелі үшінші раундта нокдаунға түсіріп, сегізінші раундта техникалық нокаутпен жеңгенін барша отандық көрермен жексенбінің таңымен таласып көрген болатын. Осыған орай жерлесіміздің он бірінші жеңісінен кейін бір кездері оның Қазақтың Спорт және Туризм Академиясында бокс кафедрасындағы ұстазы болған Дастан Сәдуақасов Vesti.kz тілшісіне өз пікірін білдірді.

- Дастан мырза, Жәнібектің соңғы айқасына қандай баға бересіз?

- Жалпы Жәнібектің франциялық былғары қолғап шеберімен өткен айқасы ұнады. Бірінші раундтағы қарқыны мықты болды. Жәнібек қарсыласынан қару күтті. Алайда бір екі соққысын көріп, баяу екенін сезді. Осыны аңғарған Жәнібек оның осал тұсын байқап, жеңіске жететініне көзі жеткен соң айқасты біразға дейін созды. Әйтпесе уақытынан бұрын 2-3 раундтарда жеңуіне де болар еді. Жәнібек өте тамаша жекпе-жек өткізді.    

- Бокс әлемінде болашақта Жәнібек Әлімханұлы мен Сауль Альварес кездесуі мүмкін деген алып-қашпа әңгімелер айтылып жүр. Қос алып рингте қаншалықты жолығуы мүмкін?

Жуырда Сауль Альварес 76,5 салмақ дәрежесіне ауысты. Сондықтан екеуі рингте жолықпайтын секілді. Жәнібек 72,5 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Есесіне Әлімханұлының қарсыласы Деметриус Андраде атанбақ. Екеуі кездесіп жатса қазақ елі үшін үлкен жаңалық болады. Бұйырса содан кейін кімнің қандай деңгейде болатынын білеміз. Чемпиондық белбеуге шыққаны дұрыс болар еді.

Жалпы Жәнібек Әлімханұлының карьерасында бірнеше жаттықтырушысы болды. Мәселен жоғарыда атап өткен Дастан Сәдуақасов ЖОО ұстазы болса, кейін ұлттық құрама сапында бас бапкер болған Мырзағали Айтжановпен жұмыс істеді. Ал боксшының әуесқой бокстағы жеке бапкері Мұрат Сиқымбаев болған.

Еске салайық, Жәнібек Әлімханұлы орта салмақта WBO белбеуі үшін америкалық Деметриус Андрадемен міндетті қарсыласы атанды. Бұл ақпаратты спортшының менеджері Берік Сұлтан растады.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Метки: