Жанқош Тұраровтың жекпе-жегі кейінге қалдырылды. Боксшы ресми мәлімдеме жасады.

Фото: Vesti.kz. Турар Казангапов©

Қазақстандық боксшы Жанқош Тұраров (24-0, 17 КО) бүгін, яғни 3 сәуір күні, рингке шықпайды. Ол БАӘ өтетін бокс кешінде титулын қорғау керек болатын,- деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.

Жекпе-жектің кейінге қалдырылу себебі туралы боксшы өз Instagram парақшасында:

"Бүгінгі турнирде өкінішке орай өнер көрсете алмайтын болдым. Барлығы дүние жүзін жаулап тұрған короновирусқа байланысты. Дубайға келген күннен бастап ентігу, температура, мұрынның бітуі, дәм сезбеу симптомдары пайда болды. турнирге шығар алдында міндеттелген ПЦР тест оң нәтиже көрсетіп, мені қонақ үй номерінде оқшаулады, салмақ өлшеу рәсіміне шығарылмауымның себебі осы болды! Бірақ ештеңеге қарамастан номер ішінде де скакалка секіру, жүгіру арқылы жаттығуды тоқтатпай өз формамды ұстап, бекітілген салмаққа жетіп, оқшауланған күйде номер ішінде салмақ өлшеу рәсімін өткіздік. COVID-19 қайтадан ПЦР өткізуді өтіндік, өкінішке орай бүгінгі нәтиже тағы да "оң" көрсетті. Айналама, қоршаған ортама деген жауапкершілікті сезіне отырып, коронавирустың тез жұқпалы екенін ескере отырып турнирден шеттетілдім. Егер дәл осы диагноз болмағанда қазіргі жағдайыммен-ақ маған 3 раунд та жеткілікті еді... Бірақ амал қанша, барлығы бір Аллахтың қалауы. Бүкіл әлемді дүрліктіріп тұрған мына дерттен аман болыңыздар! ауырмаңыздар" - деп мәлімдеме жасады (автордың орфографиясы сақталды).

Естеріңізге сала кетйік, Жанқош Тұраров бүгін, яғни 3 сәуір күні шаршы алаңға бірінші орта салмақтағы WBO Inter-Continental белбеуін қорғауға британдық Тайрон Макеннаға (21-2-1, 6 КО) қарсы шығуы керек болатын.