"Бұйырса, тарих жасаймыз". Жәнібек Әлімханұлы чемпиондық жекпе-жек туралы

12 қыркүйек 2020 13:40
Сурет: Instagram / janibek_alimkhanuly
Орта салмақта болашағынан үміт зор қазақ боксшы Жәнібек Әлімханұлы (8-0, 4 КО) жаттығулары қалай өтіп жатқанын айтып берді, - деп хабарлайды Vesti.kz.

Тамызда боксшы АҚШ-қа қайта барды, дегенмен, рингке қашан шығатыны әзірге белгісіз. 

Жәнібек былтыр қарашадан бері жекпе-жек өткізбеді, оның да жоспарын пандемия бұзған еді. Жақында боксшы чемпиондық титул үшін жоғары салмаққа өтуге дайын екенін айтқан. 

"2 аптада 26 раунд спарринг жасадық. Бұйыртса 64 раунд спарринг қалды. Жекпе-жекке дайындық жоғары деңгейде жүріп жатыр. Чемпиондық титулға жақындап қалдық. Бізге босаңсуға уақыт жоқ. Барымызды салып жатырмыз. Құдай қаласа, тарих жасаймыз. QAZAQ STYLE", - деп жазыпты боксшы instagram желісінде.