"Артық салмақ жинаған". Олимпиада чемпионы Биволдан жеңілген "Канелоны" сынады

©inform

Сауль "Канело" Альварес пен Дмитрий Бивол арасындағы жекпе-жектен кейін "Канело" - Головкин айқасы өтпеуі мүмкін. Бұл туралы бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов Vesti.kz тілшісімен сұхбаты барысында айтты.

- Ермахан мырза, Дмитрий Биволдың мексикалық Сауль Альваресті жеңгенін қалай қабылдадыңыз?

- Көпшілік "Канелоның" жеңісін күтті. Бірақ Тоқмақтан шыққан Дмитрий Бивол күтпеген жерден жеңіске жетті. Қуанарлық жағдай болды. Осы орайда Головкин мен Альварес арасындағы трилогия болмайтын болды. Мексикалық былғары қолғап шебері Биволды жеңген жағдайда ғана кездесетін еді. Енді олар (ред. "Канело"-Головкин) мүлдем шықпауы мүмкін. Байқағаным Альварес артық салмақ жинап алған. Сылбыр қимылдады. Ал Дмитрий Бивол болса өте жақсы дайындалғанын көрсетті. Бойының, қолының ұзындығын пайдаланды. Алыс қашықтықта жұдырықтасып жүріп жеңіп кетті. Менің ойымша, қызықсыз жекпе-жек болды. Сауль Альварестің белсенділігі өте нашар болды. Қорғаныста жүрді. Төрт раунд бойы қимылдамады. Нәтижесінде мексикалық жеңілді.

- Қазіргі таңда екі тараптың өкілдері реванш турасында келіссөздер жүргізіп жатыр. Рингте қайта кездескен жағдайда жеңіске кім жетеді деп ойлайсыз?

- Сауль Альварес тәжірибелі боксшы ғой. Аузы күйген үріп ішеді демекші, келесі жолы бұдан да мықты болып дайындалып келеді. Негізі "Канело" ауыр соққы жасай алатын боксшы. Мексикалықтың жеңіске жетуіне 70 пайыз берем.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport