16 жастағы қазақстандық нокаутшы Қанат Исламның андеркартында жұдырықтасады

© vk.com/kazproboxing
Жеңіл салмақта жұдырықтасатын 16 жастағы қазақстандық кәсіпқой боксшы Дастан Садуұлының (3-0, 3 КО) келесі жекпе-жегінің уақыты белгілі болды.

ВКонтакте желісіндегі "Профи Бокс Казахстана" тобының мәліметінше, Садуұлы 5 шілде Алматыда өтетін бокс кешінде жұдырықтасады. Қарсылас әзірге белгісіз.

Садуұлы соңғы рет 24 наурыз Алматыда жекпе-жек өткізіп, 39 жастағы ресейлік Александр Салтыковты (12-56-3, 7 КО) техникалық нокаутпен жеңген.

Дастан Садуұлының ісін Жалғас Түкешовке тиесілі Tukeshov Boxing Promotions компаниясы жүргізеді. Кәсіпқой рингте ол 2018 жылдың қыркүйегінен өнер көрсетіп келеді. 

Айта кетейік, 5 шілде Алматыда өтетін бокс кешінің басты жекпе-жегінде Қанат Ислам (25-0, 20 КО) жұдырықтасады. Орта салмақтағы бұл жекпе-жекке WBO Inter-Continental белбеуі тігіледі. Бұл кештің андеркартында тағы бір қазақстандық рингке шығады - бірінші орта салмақта жеңілмеген Мадияр Әшкеев (12-0, 6 КО) екі титул үшін жұдырықтасады. Боксшылардың қарсыластары кейін анықталады. 
Жаңалықтар