Бүгін, 9 маусым күні футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы сырт алаңда Венгрия командасымен жолдастық матч өткізеді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Кездесу Венгрияның Дебрецен қаласындағы "Надьердеи" стадионында өтеді және Астана уақыты бойынша сағат 22:00-де басталады. Ойынды тікелей эфирде Qazsport телеарнасы көрсетеді. Сондай-ақ, матчты телеарнаның ресми сайтынан да тамашалауға болады.
Бұл матч екі құрама үшін де маусым айындағы екінші әрі соңғы кездесу болмақ.
Еске салайық, бұған дейін 6 маусым күні Талғат Байсуфинов шәкірттері Ереванда жолдастық кездесу өткізіп, Армения құрамасымен 1:1 есебімен тең түскен еді.
Ал Венгрия құрамасы соңғы матчын 5 маусым күні өткізіп, Финляндияны 2:1 есебімен ұтты.