Бельгиялық "Брюгге" Чемпиондар лигасы плей-офф кезеңіндегі алғашқы шешуші матчта мадридтік "Атлетико" Мадрид клубымен тең түсті, деп хабарлайды Vesti.kz.
Бельгияда өткен кездесу 3:3 есебімен аяқталды.
8-минутта Хулиан Альварес пенальтиден есеп ашты. Ал 45+4-минутта Адемола Лукман "Атлетиконың" басымдығын еселей түсті. Екінші таймда "Брюгге" ойын тізгінін қолға алды. 51-минутта Рафаэль Оньедика есеп айырмасын қысқартса, 60-минутта Николо Трезольди таразы басын теңестірді.
79-минутта алаң иелерінің қорғаушысы Хоэль Ордоньес автогол авторы атанып, мадридтіктерді қайта алға шығарды.
Алайда 89-минутта Христос Дзолис бельгиялықтарды құтқарып, матчтың қорытынды есебін белгіледі - 3:3.
Қарымта кездесу 24 ақпанда Мадридте өтеді.
Жалпы кезең қорытындысында "Брюгге" 10 ұпаймен 19-орынды иеленсе, "Атлетико" 13 ұпаймен 14-сатыға тұрақтаған.
Айта кетейік, "Брюгге" жалпы кезеңде Астанада "Қайрат" клубын 4:1 есебімен жеңген болатын.
Биылғы Чемпиондар лигасының финалы Будапешттегі Пушкаш Арена стадионында өтеді. Шешуші матч 2026 жылдың 30 мамырына жоспарланған.
Жарнама