"Барселона" клубы Рамазан айының басталуына орай негізгі ойыншыларының бірі - Ламин Ямаль үшін алдын ала дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Vesti.kz.
Клубтың медициналық және диетологиялық штабы жас вингерге оразаны сақтай отырып, спорттық бабын жоғалтпауға мүмкіндік беретін жеке тамақтану жоспарын әзірлеген.
Ямаль үшін бұл "Барселонаның" негізгі құрамындағы ойыншы ретіндегі екінші Рамазаны. AS басылымының мәліметінше, клуб оның күн тәртібін барынша бейімдеуге тырысады: тамақтану рационы күндізгі шектеуді өтеп, энергия деңгейін сақтауға және жүктемеден кейін тез қалпына келуге бағытталған.
Әсіресе кешкі уақытта ағзаны сұйықтықпен қамтамасыз ету мен қоректік заттардың теңгеріміне ерекше назар аударылған.
18 жастағы футболшы үшін ораза кезіндегі алғашқы матч - 22 ақпанға жоспарланған "Леванте" клубына қарсы ойын болмақ. Клуб өкілдері сауатты құрылған режим Ямальға діни міндеттерін кәсіби мансабымен қатар алып жүруге мүмкіндік беретініне сенімді.
Еске салайық, өткен жылдың наурыз айында Ямаль қасиетті Рамазан айында алғаш рет ресми түрде ораза ұстаған еді. Ол кезде де "Барселона" оған арнайы тамақтану бағдарламасын әзірлеп, жаттығу үдерісін діни талаптарға сай бейімдеген болатын.
Сонымен қатар, 2024 жылы мұсылмандық тәрбиеде өскеніне қарамастан, матчтар кезінде ол ораза ұстамағаны белгілі.
Жарнама