WBC ұйымының белбеуі бар қазақстандық боксшының келесі қарсыласы анықталды

Сурет: facebook.com/Madiyar-Ashkeyev

Кәсіпқой бокстағы жеңілмеген қазақстандық боксшы Мадияр Әшкеев (14-0, 7 КО) шаршы алаңға желтоқсан айында оралады. Бұл туралы Boxingscene.com порталы хабарлап отыр. 

Әшкеев шаршы алаңға 3-желтоқсан күні Лос-Анджелес (АҚШ) қаласында Фредди Роучтің Wild Card Boxing Gym залында өтетін бокс кешінде шығады. Оның қарсыласы жеңілмеген америкалық боксшы Чарльз Конуэлл (13-0, 10 КО). Жекпе-жек он раундқа жоспарланып отыр. Кездесуді NBC арнасы тікелей эфирде көрсетеді.

"NBCSN арнасында жекпе-жек өткізуге мүмкіндік алғаным үшін қуаныштымын. АҚШ жерінде бірінші рет телеарнада көрсететін айқаста өзімді жақсы қырынан көрсетіп, үлген мәлімдеме жасауға дайынмын", - деді Әшкеев. 

Негізі әу баста Әшкеев пен Конуэлл арасындағы кездесу 10-сәуір күні өтуі керек болатын. Бірақ бұл бокс кеші коронавирусқа байланысты кейінге шегерілді. 

Айта кетейік, Мадияр Әшкеев соңғы кездесуін 2019 жылы 9-қараша күні өткізіп, аргентиналық Родольфо Мартинесті (43-9-3, 16 КО) ұтты. Кездесу барысында қазақстандық боксшы қарсыласын үш рет нокдаунға түсірді. Содан соң оның қарсыласы алтыншы раундта кездесуді жалғастырудан бас тартты. Осылайша Әшкеев бірінші орта салмақтағы WBC (USNBC) белбеуін жеңіп алды. 

Ал Конуэлл болса соңғы рет қазан айында шаршы алаңға шығып, отандасы Венди Туссанды (12-1, 5 КО) жеңді. 





 

Метки:
Жаңалықтар