Бапкер Головкиннің екі титул үшін жекпе-жектегі нокаутқа көзделген тактикасын айтып берді

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің (39-1-1, 35 КО) бапкері Джонатан Бэнкс өз шәкіртінің украиналық Сергей Деревянченкомен (13-1, 10 КО) жекпе-жекте қандай әдіс қолданатынын айтты, - деп хабарлайды Vesti.kz.

"Онымен жекпе-жекті қабылдау, одан да белсенді болу. Ол алға ұмтылатыны ешкімге жасырын емес. Дэнни Джейкобспен кездесуде алма кезек шабуылдады, бірақ Головкинмен олай жасайды деп ойламаймын. Егер Сергей қаласа, Головкин соны пайдаланып, нокаутқа түсіреді. Біз нақты бір соққымен жұмыс істеп жатқан жоқпыз. Мақсатым - Геннадийдің еркін соққы жасай алуы, нокаутқа түсіретін бір соққыға ғана дайындалмауы керек", - деді Бэнкс.

Головкин мен Деревянченко 5 қазанда Madison Square Garden аренасында жұдырықтасады. Боксшылар орта салмақтағы IBF және IBO титулдарын сарапқа салады.

Бұл қазақстандық боксшы үшін Бэнкстің қоластындағы екінші жекпе-жек болады. Олар биыл мамырдан бері бірге жұмыс істеп келеді. Бұған дейін Головкин тоғыз жыл бойы Абель Санчеспен жаттыққан еді.

Маусымда Головкин DAZN стриминг сервисінде дебютін өткізіп, канадалық Стив Роллсты (19-1, 10 КО) нокаутқа түсірген болатын.
Жаңалықтар