"Жұлдыз ФМ" радиосы отандасымыз Геннадий Головкинді Сауль "Канело" Альвареспен өтетін жекпе-жегінің алдында қолдау мақсатында флешмоб ұйымдастырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Флешмобқа отандық эстрада жұлдыздарымен қатар, қазақстандықтар да қатысып жатыр.
Флешмобтың шарттары қарапайым: кез келген адам ұлттық символика бейнеленген сурет немесе қазақтың аспаптарымен, ұлттық киіммен түскен суретін жариялап, міндетті түрде #ГенаАлга #жулдызфмфлешмоб хэштегін қояды.
Флешмоб қатысушыларының жазбаларымен "Жұлдыз ФМ" радиосының Instagram желісіндегі парақшасында таныса аласыздар.
"Жұлдыз ФМ" радиосының бағдарламалық директоры Жасұлан Қали флешмобтың мақсаты Геннадий Головкинге қолдау көрсетіп, оған оның жалғыз емес екенін және бүкіл елдің жанкүйер болатынын көрсету екенін айтты. "Бүкіл Қазақстан Геннадийдің жеңіске жететініне сенеді және қолдау көрсетеді. Біз мұны тыңдармандарымыздың белсенділігінен, әлеуметтік желілердегі спортшыға жеңіс тілеп жатқан адамдарымыздар біліп отырмыз. Головкин рингке Қазақстан туымен шығады, бүкіл әлем біз жайлы мақтанышпен айтады. Сондай-ақ, GGG рингке ұлттық киіммен шығады, сол себепті біз флешмобты қазақ шапандарымен және қазақ символикасы бейнеленген киіммен түсіруді жөн көріп, оған қолдау білдіреміз. Ол Альвареспен өтетін жекпе-жекке жалғыз бара жатқан жоқ! Гена, Алға!", - деді "Жұлдыз ФМ" радиосының бағдарламалық директоры Жасұлан Қали .
Әлеуметтік желілерде бөлісу
Загрузка матч-центра...
Жарнама