Үстіге
Тілеуіңіз болсын, күтіңіз... Email жазып көрсетіңіз Атыңызды немесе лақап атыңызды жазып көрсетіңіз Құпия сөз жазып көрсетіңіз Сайтта тіркелу үшін Сіз бірлестіктің ережелерін қабылдауыңыз қажет Профильді өзгерту үшін сайтқа кіру қажет Дұрыс email жазып көрсетіңіз Мәлімет таңдаулыға қосылды Таңдаулыға қосу Таңдаулыдан алып тастау Құпия сөздер сәйкес келмейді Сайтқа кіретін құпия сөз жазып көрсетіңіз Жақсы құпия сөзде кіші, бас латиндық әріптер және сандық белгілер болуы керек. Құпия сөзге тыныс белгілерін қосуға және ұзындығын кем дегенде 8 әріп жасауға ұсыныс береміз. Даусыңызға рахмет! Қосу +1 Алып тастау +1 Жауап нұсқасын таңдаңыз
Орын
жаңа тег қосу Слайдшоу қарау (пробел) Пауза Артқа Алға Орнынан көшіру Жабу (Esc) Толық көлеміне ашу Суретті жабу үшін жай басыңыз, қозғау үшін басып жібермеңіз
Пікіріңізге рахмет! Мәтін қойыңыз...
Күтіңіз...

Эксклюзив. Мен АҚШ-та қазақты таныту үшін жүрмін - Бейбіт Шүменов

Назарларыңызға Бейбіт Шүменовтің Юниер Дортикоспен өткізетін жекпе-жегінің алдындағы үлкен сұхбатын ұсынамыз.


- Бейбіт, кубалық боксшы Дортикосқа қарсы өтетін жекпе-жекке қызу дайындалып жүргеніңізді білеміз. Уақыт тауып, сұхбат беруге келіскеніңіз үшін алдын ала алғыс айтқым келеді. Сізде жаңалық, бізде сұрақ көп. Қазақстандағы жанкүйерлеріңіз сізді жоғалтып алды. Ақпараттық сайттардан жекпе-жекке дайындық туралы аз-кем жаңалықтарды ғана оқып жүрміз. Бокстағы мансап, алдағы жоспарлар мен АҚШ-тағы өміріңіз туралы соңғы сұқбатыңыз есімде жоқ. Бүгін осы олқылықтың орнын толтырсақ.

- Рақмет. Иә, сұқбат бермегеніме көп болыпты. Себебі менің соңғы кездері уақытымның бәрі жаттығу залында өтіп жатыр. Алда мен үшін өте жауапты жекпе-жек тұр.Қазір қарсыласымды зерттеп, жаттықтырушылармен тактика құрып жатырмыз. Күніне екі мезгіл жаттығу. 4-5 сағат бойы тер төгіп, Дортикосты мерзімінен бұрын ұтуға дайындалудамын. Бокс бұл менің өмірім. Мен кәсіпқой боксқа АҚШ-та тұру үшін ауысқан жоқпын, қазақтың атын шығару үшін жүрмін мұнда.



- Әдетте кәсіпқой боксшылар 1 жылда 3-4 жекпе-жек өткізіп жатады. Сіз 2015 жылы 1, 2016 жылы бір ғана жекпе-жек өткіздіңіз? Неге аз деген сұрақ туады? Біз білмейтін қандай мәселелер бар?

- Америкаға бардың, менеджермен келісім-шарт жасадың, ары қарай болды, бәрі оңай, ай сайын жекпе-жек өткіземін деу қате. Кәсіпқой бокстың өзіндік қиындығы бар. Мен жиі жекпе-жек өткізуге дайынмын. Бірақ, бәрі менің қолымда болмай тұр. 2015 жылы Эл Хеймонмен келісім шартқа отырғанмын. Жекпе-жектерімді сол ұйымдастырады. Мен оған жылына 3-4 рет жұдырықтасуға дайын екенімді бірнеше рет айттым. Әлі де айтып жүрмін. Мен жас емеспін, қазір өз бабымдамын. Бокс жанкүйерлеріне қабылетімді көрсеткім келеді. Ауыр салмаққа ауысқалы маған қазір салмақ қуу қиын емес. Мен жекпе-жектерге кеше дайын болғанмын, бүгін де дайынмын, ертең де дайын боламын. Әлемнің кез-келген мықтысымен шық десе, 3 минутта рингке көтерілемін. Аса ауыр салмақтағы Кличко, Джошуалармен де бүгін жекпе-жек өткіз десе ойланбастан, келісемін. Маған енді Лебедев қызық емес. Ол ұтылып қалған. Соңғы жекпе-жегінде ұтылған боксшыны ұтқанның несі мықтылық? Онымен шыққанша Гассиевпен шыққан қызық, «WBO» чемпионы Александр Усикпен қуана жұдырықтасамын.




- Өткен шаққа бір оралайықшы. 2009 жылы испандық боксшы Габриэль Кампильомен кездестіңіз. Өкінішке қарай, төрешілер шешімімен қарсылас жеңіске жеткен болатын. Бірақ 5 айдан соң қайта жұдырықтасып, сіз жеңіске жеттіңіз. Келісім шартта реванш болып па еді?

- Реваншқа ешқандай келісім шарт болмаған. Ол менің кәсіпқой бокстағы 9 жекпе-жегім еді. Мен ол кезде кәсіпқой бокстың қыр-сырын енді үйреніп жүрген кезім. Әлемдік бокс кешін ұйымдастыратындар да жоқ еді елімізде. Ешкімді танымаймыз. Қарсыласымның гонорары 1 млн доллар болды. Иә, төрешілер жеңісті қарсыласыма берді. Бірақ, ол жекпе-жекте мен ұтылған жоқпын. Артынша тәуелсіз төрешілер арқылы оны дәлелдеп, сот арқылы реванш алдық. Егер боксты жалғастыру керек болса, оны ұтып барып жалғастарымын деп алдыма мақсат қойдым. Намыс жібермеді. Өз елімде жеңісімді бұрмалап, қарсыластың қолын көтерді. Бұл боксшы үшін ауыр жағдай. Реванш Лас-Вегаста өтті. Ол жерде өткізген себебіміз, төрешілері өте әділ. Сатылмайды. Барлығы бай. Оларға ақша қызық емес, олар үшін әділ бокс маңызды. Олар бокстың адал жанкүйерлері. Сол төрешілердің алдында жұдырықтасып, жеңіске жеттім. Менің ең бірінші жекпе-жегімде де бұрмалаушылық болған.Төрешінің қарсыласыма жақтасқанын сезіп, 1 раундта құлатып тастағанмын. Сосын, үшінші жекпе-жегімде де солай. Қарсыласымды ұра бастасам болды, төреші мені тоқтатып, әрнәрсені көрсетіп ұрғызбады. Жақтасқаны анық білініп тұрды. Оны да көп созбай үшінші раундта құлатып тастадым. Бокс өте қиын спорт. Ұтсаң да кейде төреші қолыңды көтермейтін жағдайлар болып тұрады. Сол үшін ринг сыртында да мықты болуың керек.



- Сондай-ақ, 2014 жылы Бернард Хопкинспен болған жекпе-жекке қатысты сұрақты да осы жерде қоя кетсем. Өте мықты әйгілі боксшымен 12 раунд жұдырықтастыңыз. Бірақ, төрешілер жеңісті қарсыласқа берді. Боксшылар қиын кездесулерден соң рингтегі кемшіліктерімен жұмыс жасайды ғой. Сіз тараптан сол кезде қандай кемшіліктер орын алды?

- Кәсіпқой боксқа ауысамын деп шешімге келгенімде, бірінші ауыр салмақ(90,700кг) немесе аса ауыр салмақта жұдырықтасамын деп ойлағанмын. АҚШ-тағылар Олимпиадада 81келіге ойнағанымды біледі. Бірінші ауыр салмаққа сенің дене бітімің кіші. Жақсы нәтижеге жету үшін саған салмақ қуу керек, деп 79,400 келіге жұдырықтасуға кеңес берді. Осылайша мамандардың ақылын тыңдадым. 5-ші жекпе-жегім әлі есімнен кетпейді. Шымкентте 79,400 келі салмақта жұдырықтасу керек. Салмаққа түсер күні менде 3 келі артық салмақ болды. 2 тәулік нәр татпағанмын. Қалың киініп, көшеге жүгіруге шығып кеттім. Сенесің бе, темір жол релсімен жүгіріп бара жатып, қарсы келе жатқан пойызды байқамағанмын. Сигналын да естімегенмін. 100 метр қалғанда пойыз тоқтады. Сонда барып бір-ақ көрдім пойызды. Алдымдағы дәу пойызды көрмедім, қарсыластың соққысын қалай көремін деп қатты уайымдағаным есімде. Ал, 2012 жылы АҚШ-та Энрике Орнеласпен жұдырықтастым. Сол жекпе-жектен соң ертесіне-ақ жаттығу залына бардым. Неге? Себебі, жаттығу жасамасам салмағым 102 келіге дейін өсіп кетеді. Жарыстан соң демалудың орнына салмақты ұстап тұру үшін 2-3 сағат жаттығу жасап жүрдім. 1 айдан соң денсаулығым қатты нашарлады. Қан қоюланып, тыныс ала алмай қалдым. Елге қайтып, емделуге тура келді. Өмірім осымен бітті деп ойладым.40 профессор емдеді. Шетелден мықты мамандар келді. Ата-анам Бейбіттен айырылдық деп, жылап жүрді. Сол кезең мен үшін өте ауыр болды. Боксты ұмыттым. Аурумен күрестім. Шүкір, жеңіп шықтым.Денсаулығым жақсарған соң, 2013 жылы Тамаш Ковачпен жекпе-жек өткіздім. Ал, 2014 жылы Бернард Хопкинспен жұдырықтастым. Бернардпен жекпе-жек үшін мен 26 келі салмақ қудым. Өзімнің салмағым 105 келі еді. Сол салмақ қууда денсаулығым қайта нашарлады. Рингке еркін қимылдай алмадым. Соққылар жұмсағың келеді, бірақ денем тыңдамайды. Тактиканы ауыстыруға ми жұмыс істемейді. Бұл менің кәсіпқой бокстағы ең қиын кездерім. Жанашыр, жөн көрсетер ешкім жоқ. Америкалықтардың айтқанының бәрін ақыл деп ойлап жүре берген кезім. Мүмкін бұл қиындықтан да өту керек болған шығар. Сол жекпе-жектен соң мен бірден салмағымды өсірдім. Қазір мен өз салмағымның бірінші нөмірлі боксшысымын. Осы салмақта чемпионмын.



- Сіз Қазақстанға өту сирек келесіз. Соңғы рет елде қашан болдыңыз? Және де Бейбіт Шүменов АҚШ азаматтығын алған деген сөзді естіп қалып жатамыз. Қаншалықты рас?

- Мен соңғы рет елде 2014 жылы болдым. Сол жылы желтоқсан айында АҚШ-та Томас Боббимен мен жекпе-жек өткіздім. Келесі жекпе-жегіме ақпанда дайын боламын деп едім, уақытты созып 2015 жылы шілденің 25-не жекпе-жек қойды. Тіпті, сенбі күні болатын жекпе-жегімді сәрсенбі күні естіген күндерім де болған. Сол үшін мен үнемі бабымда болуым керек. Менеджерім ертең жекпе-жек десе, мен дайын болуым керек. Маған қазір демалуға болмайды. Мен АҚШ-қа демалу үшін келген жоқпын. Бұл жердің азаматтығы да керегі жоқ, маған. Көк паспортымды ауыстырмаймын. Мен мұнда тек әлемге мықтылығымды дәлелдеу үшін ғана жүрмін.

- Сіз WBA тұжырымында көш бастап тұрсыз. Бұл біз үшін үлкен жетістік әрі мақтаныш. Қалған  3 негізгі WBC, WBO, IBF тұжырымдарының чемпиондық белбеуіне жұдырықтасуға қазір сізде толық мүмкіндік бар. Осы белесті де бағындыруға қаншалықты әрекет жасалып жатыр?

- Басқа тұжырымның чемпиондарымен жұдырықтасуға 2015 жылдан бері дайынмын. Менеджерім ұйымдастырса, қуана жұдырықтасамын. Ол жекпе-жектер бокс жанкүйерлері үшін де өте қызық болар еді.



- «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында Астанада кәсіпқой бокс кеші өтеді деп жоспарлануда. Қазақстандық бокс жанкүйерлері сізде де сол кеште көргісі келетінін жиі айтып, әлеуметтік желілерде жазып жүр. Елге келіп, жекпе-жек өткізу жоспарда бар ма?

- Астанада өтетін кәсіпқой бокс кешінде жекпе-жек өткізу туралы ұсыныс айтылды. Мен қуана қабылдаймын. Өз елінде, өз жанкүйерлерінің алдында жекпе-жек өткізу әр боксшының арманы. Меніңше Астанада жоғары деңгейдегі бокс кеші болады. АҚШ-тағы жанкүйерлер де ол жекпе-жектен хабардар. Күтіп жүр.

- Рақмет, Бейбіт. Көп адам көкейіндегі сұрақтарға жауап алды деп ойламын. Алдағы жекпе-жекте жеңіске жетіп, көк туды желбіретіңіз деп тілейміз. Астанада жүздекенше, аман болыңыз.
Сұқбаттасқан: Берік Сұлтан
  Пікір: 0
  0