2024 жылғы 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында Парижде (Франция) өтетін XVII Паралимпиада ойындарына Қазақстан ұлттық құрамасы жолдамалар санын 11-ге жеткізді.
ҚР Туризм және Спорт министрлігі мәлім еткендей, Паралимпиада ойындарында спорттың 23 түрінен жарыстар ұйымдастырылады. Қазақстан ұлттық құрамасы спорттың 9 түрінен (пара жеңіл атлетика, пара пауэрлифтинг, пара таеквондо, пара үстел теннисі, пара жүзу, пара дзюдо, пара каноэ, отырып ойнайтын волейбол, пара нысана көздеу) өнер көрсетуді жоспарлап отыр.
Осы уақытқа дейін паралимпиадашылар 11 лицензия жеңіп алды: отырып ойнайтын волейболдан ерлер құрамасы – 1, пара жеңіл атлетика бойынша ядро лақтыру – 1, пара жүзу – 3, пара каноэ – 1, пара пауэрлифтинг – 1, пара таеквондо – 3, пара нысана көздеу – 1.
Сонымен қатар биыл Паралимпиадаға лицензия беретін 23 спорттық іс-шара жоспарланған.
Айта кету керек, Токио-2020 Паралимпиадасына Қазақстан ұлттық құрамасының 25 спортшысы қатысып, 5 медаль (1 алтын, 3 күміс және 1 қола) ұтып алған болатын.