"Бір гол басымдықпен ұтады". Сербияда ойнаған қазақ футболшы "Қайрат" пен "Црвена Звезданың" ЧЛ-дегі матчі жайлы

Автор:
Сурет: ҚФФ

Бүгін түнде футболдан Чемпиондар Лигасының қарымта ойындары өтеді, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.

Аталмыш турнирде ел намысын абыроймен қорғап жүрген "Қайрат" қонақта "Црвена Звездамен" кездеседі. Апта бұрын "Орталық" стадионда Балқан түбегінің азулы командасын 2:1 есебімен ұтқан жерлестерімізге келесі айналымға өту үшін кем дегенде тең нәтиже қажет. 2014 жылы Сербияның "Раднички" клубында доп тепкен "Қайраттың" экс-шабуылшысы алдағы матчқа болжамын жасады.

"Менің ойымша"Қайрат" сырт алаңда жеңіске жетеді. Оның үстіне стадионда "Црвена Звезданың" ультрасы қолдау көрсетпейді. Сербия чемпионаты Қазақстан біріншілігінен мықты деп айта алмаймын. Чемпионаттардың деңгейі шамалас. Ал жанкүйерлерінің футболға мықты қолдау білдіретіні рас. Сонымен қатар, қонақта тең есеп немесе "Қайрат" бір гол басымдығымен жеңіске жетуі мүмкін деген де болжамым бар.

Қазіргі таңда Алматыдамын. Азия чемпионатында өнер көрсететін екі клубтан ұсыныс түсті. Алайда пандемияға байланысты Малайзия елінің визасын алу мүмкін болмады. Одан бөлек отандық екі клубтан ұсыныс түсті. Әзірге келіссөздер жүріп жатыр", - дейді шабуылшы.

Еске салайық, Бауыржан Тұрысбек биылғы маусымды "Жетісу" командасының сапында бастап бес матчта екі гол соққан. Ал "Қайрат" келесі кезеңге жолдама алған жағдайда Чемпиондар Лигасының үшінші іріктеу айналымында Молдованың "Шериф" және Арменияның "Арарат" клубтарының жеңімпазымен кездеседі.

Показать комментарии