Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі екінші тур матчында
"Астана" чехтің
"Славия" командасымен тең ойнады, - деп хабарлайды
Vesti.kz. Матч Қазақстан елордасында өтті.
Есеп - 1:1. 18-ші минутта камерундық қорғаушы
Майкл Нгадеу-Нгаджуи "Славияны" алға шығарған. Алайда алаң иелері бірінші таймның соңында, 43-ші минутта есепті теңестірді - хорват хавбегі
Марин Томасов гол салды.
Екінші таймда ойын тартысты өтті, өткір шабуылдарды қайта-қайта жасаған қазақстандық команда чех клубының қақпасынан саңылау таба алмады.
© Жігер Әбенов
Қазіргі уақытта қазақстандық команда түскен топта "Славия" төрт ұпаймен көш бастап тұр, артынша 3 ұпаймен "Вильярреал" келеді, үшінші қатарда "Астана", ал төртіншіде "Маккаби" тұр.
Еске салайық, "Астана" Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі бірінші ойында испаниялық "Вильярреалдан" 1:3 есебімен жеңілген болатын. Ал өз кезегінде "Славия" израильдік "Маккаби" клубынан басым түскен еді (1:0).
Енді "Астана" келесі матчын 19 қазанда Израильде "Маккабиге" қарсы өткізеді. Командалардың қарымта кездесуі 2 қарашада Қазақстан елордасында өтеді.
Еуропа Лигасының 1/16 финалына өз тобында бірінші және екінші орын алған клубтар өтеді.
Жарнама