"Сенімдері жоғалғанын байқадық". Қайрат Сәтжанов Токиодан кейін боксшыларды ӘЧ-ге қалай рухтандырғанын айтты

©ҚБФ

Қазақстан бокс федерациясы әлем чемпионатынан оралған спортшылар мен бапкерлерді марапаттады. 

Алматыда өткен іс-шарадан кейін құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжановтан Vesti.kz тілшісі сұхбат алып, маман жарысқа дайындықтың қалай өткені туралы айтып берді. 

- Қайрат мырза, бас бапкер ретінде алғашқы үлкен жарыстан жүлделі оралдыңыздар. Қадамыңыз құтты болсын!

- Көп рахмет! Әлем чемпионатына дайындықты қыркүйек айында бастадық. Екі рет оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Ең бірінші мақсат командалық бірінші, екінші немесе үшінші орын алу керек болды. Жарыс алдында екі алтын, реті келсе төрт алтын аламыз деп бардық. Екі алтынмен келіп отырмыз. Шәкірттеріміз өте жақсы жұдырықтасып шықты. Енді желтоқсан айының 14 мен 24 аралығы Орал қаласында Қазақстан чемпионаты өтеді. Сол жарыстан кейін жігіттерді іріктеп алып, келесі жылы Ташкентте 19-22 жастағы жастар арасында Азия біріншілігі болады. Соған дайындаламыз.   

- Қамшыбек Қоңқабаев ұлттық құрамаға қайта орала ма?

Қамшыбек Қоңқабаев әуесқой бокстағы бәсекесін жалғастырады. Әлем чемпионатының алдында ол арнайы демалыс сұрауын өтінді. Жарақаттарым бар, соларды емдеп алсам деді. Оның үстіне жастарға жолымды берсем деп хабарласқан болатын. Енді қаңтар айында оқу-жаттығу жиындарына Қамшыбекті шақырамыз. Сол кезден бастап құрамаға қайта қосылады.

- Олимпиададан кейін әлем чемпионатында боксшыларымыз мүлдем басқаша өнер көрсетті. Токиода қола алған Бибосынов Сербияда тың болып шыққан секілді...

Ең бірінші оқу-жаттығу жиыны басталғанда балаларға сапқа тұрып, қатар саны сана дейміз. Тұрған балалар бір... екі... үш...деп дауыстары шықпайды. Сенімдері түсіп қалғанын байқадық. Содан кейін жігіттердің рухтарын көтердік. Әлем чемпионатына бірінші орын алмасақ несіне барамыз деген сөздер айтылды. Күнде таңертең әр боксшыға әнұранды айтқыздық. Тудың қай кезде көтеріліп, қай кезде әнұранның шырқалатынын естеріне салдық. Соны көздеріңе елестетіп, әлем чемпионатында тұрғандай сезініңдер дедік. Әлем чемпионатына барғанда алғашқы айқастарда қобалжу болды. Дегенмен, бірте-бірте өз деңгейлерін көрсете бастады. Белградта күнде таңертең сағат 09:00 кім қалай жұдырықтасты, анализ жасап отырдық. Жалпы әлем біріншілігі біздің команда үшін сәтті болды. 

 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Метки: