Руистың экс-қарсыласымен жұдырықтасатын Дычкомен бір рингке қазақтың "Жауынгері" де шығады

© Univision Deportes
Жартылай жеңіл салмақта жұдырықтасатын қазақстандық Муса Тұрсынғалиевтің (9-0, 6 КО) келесі жекпе-жегінің уақыты белгілі болды.

BoxRec.com ақпаратынша, Тұрсынғалиев 12 шілде Голливудтағы Seminole Hard Rock Hotel and Casino алаңында өтетін бокс кешінде жұдырықтасады. Қарсылас әзірге белгісіз. Жартылай жеңіл салмақтағы жекпе-жек сегіз раундқа есептелген.

Тұрсынғалиев соңғы рет 1 наурызда дәл осы аренада жұдырықтасып, төрешілер шешімімен Винсент Дженнингсты (6-7-2, 4 КО) жеңген.

12 шілде Голливудта өтетін бокс кешінде аса ауыр салмақта жұдырықтасатын Иван Дычко (8-0, 8 КО) да рингке шығады. Қарсыласы бразилиялық Рафаэль Зумбано (39-16-1, 31 КО). Қазақстандықтың қарсыласы 2015 жылы америкалық Энди Руиспен (33-1, 22 КО) жекпе-жек өткізген еді.

Еске салсақ, Руис маусым басында Энтони Джошуаны (22-1, 21 КО) жеңіп, WBO, WBA (Super), IBF және IBO белбеулерін тартып алған.