"Келісімшарт ұсынамыз". Менеджер Левит, Қоңқабаев пен Аманқұлды кәсіпқойға ауыстыру туралы

Сурет: ҚБФ
Данияр Елеусінов пен Иван Дычконың менеджері Зия Алиев Қазақстан құрамасының көшбасшылары кәсіпқой бокс өкілдерінің көзіне түсуі мүмкін деп есептейді. Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында ол карьерасын кәсіпқойда жалғастыра алатын боксшыларды атады. 

Еске салайық, 2020 жылы екі бірдей Азия чемпионы Тұрсынбай Құлахмет пен Бек Нұрмағанбет кәсіпқой боксқа ауысты.

"Өздерін мойындатады". Маман бокстан Қазақстан құрамасынан кеткен Азия чемпиондары жайлы

"Қазақстанда промоутерлерді қызықтыратын боксшылар көп. Біз де қарап, ойланып отырмыз, келісімшарт жасағымыз келеді. Василий Левитті кәсіпқойдан көргім келеді. Қамшыбек Қоңқабаев екеуі Америкада болғанында спаррингін көргенмін. Екеуінің де спаррингін тамашаладым. Қамшыбекті де көргім келеді. 

Содан кейін Әбілхан Аманқұл бар. Жақсы салмақта. Басқа да көптеген боксшылар бар. Ең бастысы кәсіпқойға ауысатын уақытты дәл таңдау. Сонымен қоса, кәсіпқойда кіммен боласың сол маңызды. Қандай менеджер, промоутер дегендей.

Қазір пандемия, бірақ шоулар басталып кетті. Top Rank өткізді, Matchroom шілдеде бастайды. Бірақ пандемия барда қаржылық жағынан енді бұрынғыдай болмайды. Әзірге солай. Ең бастысы - ол боксшылардың ісін жүргізетін адамдар. Менеджер деп атайық. Сосын өздеріне дұрыс промоутер таңдау қажет. Бұл өте маңызды, өйткені олар боксшы үшін келіссөз жүргізеді. Өз істерін жақсы білу керек", - дейді Алиев.