Қазақстан Ташкенттегі ӘЧ-ге баратын боксшылар құрамын жариялады

©ҚБФ

Ташкентте өтетін бокстан әлем чемпионатында өнер көрсететін Қазақстан ерлер құрамасы анықталды. Қазір ұлттық команда боксшылары Шымкент қаласындағы "Алма-Тау" базасында соңғы оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр, деп хабарлайды ҚР МСМ Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Бас бапкер Мырзағали Айтжанов әлем чемпионатына қатысатын боксшылардың есімін атағаннан кейін, ақсақалдар "батасын" беріп, Қазақстан бокс федерациясының басшылығы өз тарапынан бағыт-бағдар мен нұсқауларын жасады.

Өзбекстан астанасында ел намысын қорғайтын боксшылар:

48 кг: Санжар Тәшкенбай
51 кг: Сәкен Бибосынов
54 кг: Махмұд Сабырхан
57 кг: Серік Теміржанов
60 кг: Талғат Сырымбетов
63,5 кг: Санатәлі Төлтаев
67 кг: Дулат Бекбауов
71 кг: Асыланбек Шымбергенов
75 кг: Нұрқанат Райыс
80 кг: Нұрбек Оралбай
86 кг: Сағындық Тоғамбай
92 кг: Айбек Оралбай
+ 92 кг: Қамшыбек Қонқабаев

"Бұл әлем чемпионатына баратын үміткерлерді біз ұзақ уақыт әрі тиянақты іріктедік. Жыл басынан бері бірнеше оқу-жаттығу жиынын өткіздік, жігіттерді түрлі жарыстарға апардық. Әр боксшыға қатысты сараптама жасадық, сондықтан, әрқайсысының шамасын білеміз. Әлем чемпионатына бірінші рет қатысатын 3 былғары қолғап шеберіміз бар. Олар жас болса да, тәжірибесі толысқан, бокс әлемінде алар орындары бар. Халықаралық аренада намысты қолдан бермейді деген сенімдемін", - деді Мырзағали Айтжанов.

"Бапкерлік құрам боксшыларды әлем чемпионатына жақсылап дайындап апара жатыр. Дұрыс таңдау жасады деп ойлаймын. Өз кезегінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Кеңес Рақышев басқаратын Қазақстан бокс федерациясы тарапынан барлық жағдай жасалды. Боксшылар мен бапкерлер олардың өнерін бүкіл Қазақстан тамашалайтынын біледі, сондықтан жауапкершілікті түсінеді. Құрамамызға сәттілік тілейміз", - деп атап өтті Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Маратбек Мықтыбеков.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport