Қазақстан құрамасының жаңа бапкері мәлімдеме жасады

©Olympic.kz

Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері болып  тағайындалған Елдос Сайдалин Olympic.kz сайтына шағын сұхбат беріп, жаңа қызметте қандай міндеттер күтіп тұрғанын айтты.

Еске сала кетейік, бүгін әйелдер боксынан Қазақстан жасөспірімдер  және жастар құрамасының аға жаттықтырушысы міндетін атқарған Елдос Сайдалин бас команданың тізгінін қолға алды. Ол бұл қызметте Шәміл Сафиуллинді алмастырды.

«Мұндай қызметті сеніп тапсырғаны үшін басшылыққа үлкен алғысымды айтамын. Иә, алда бір ғана лицензиялық турнир қалды. Атқаратын жұмыс көп. Жауапкершіліктен қорқып, қашсам да болатын еді. Бірақ ұлттық құраманы жаттықтыру – менің арманым! Әрі команданың қазіргі жағдайына қанық болған соң, жауапты сәтте жалтару бапкерлігіме сын болар еді.

Бас құраманың қыздарын жақсы білемін. Барлығы да әлемдік деңгейдегі боксшылар. Талай жарыстарда шыңдалған. Сол себепті, бар күшімізді салып, соңғы лицензиялық жарыста мейілінше көп жолдама алуға тырысамыз.

Сондай-ақ, командада тәртіп орнату – ең бірінші мақсат болмақ. «Тәртіпке бас иген құл болмайды, - деген Бауыржан Момышұлы. Сондықтан, тәртіпке баса назар аударамыз.

Өз спортын, өз командасын құрметтейтін адам ешқандай алыпқашпа әңгімелерге ермейді, команданың ауызбіршілігін бұзбайды. Қазір бокстан әйелдер құрамасы жайлы қаңқу сөз көбейіп кетті. Бұл мәселелерге де нүктесін қоямыз деп сенемін.

Алдағы күндері спаррингтік турнир өтеді. Сол сында үздіктерді таңдап аламыз. Команданың есігі бәріне де ашық. Әлем, Олимпиада чемпионы болсын, Қазақстанды он рет ұтсын, бәрібір. Барлығын да әділетті түрде таңдаймыз. Өте мықты команда болатынымызға сенемін», - деді Елдос Сайдалин.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport