Чемпиондық белбеуі сарапқа салынады. Геннадий Головкинге міндетті қарсылас тағайындалады

Сурет: vk.com

Халықаралық бокс федерациясы (IBF) ұйымның орта салмақта чемпионы қазақстандық Геннадий Головкинге (41-1-1, 36 КО) міндетті қарсылас атану құқын беретін жекпе-жекті өткізуге промоутерлік сауда өткізді, деп хабарлайды Vesti.kz.

Fightnews.com мәліметінше, бұл айқаста IBF рейтінгінде үшінші және бесінші нөмірлі боксшылар: 29 жастағы германиялық Патрик Войчицки (14-0-1, 5 KO) мен 31 жастағы бразилиялық Эскива Фалькао (28-0-0, 20 KO) жұдырықтасады.

175 мың доллармен сауданы Войчицкидің ісін жүргізетін Wasserman Boxing промоутерлік компаниясы ұтып алды. Ал Фалькао промоутерлері Top Rank компаниясы 110 мың доллар ұсынған.

Енді бұл жекпе-жек 90 күн ішінде өтуі тиіс.