Үстіге
Тілеуіңіз болсын, күтіңіз... Email жазып көрсетіңіз Атыңызды немесе лақап атыңызды жазып көрсетіңіз Құпия сөз жазып көрсетіңіз Сайтта тіркелу үшін Сіз бірлестіктің ережелерін қабылдауыңыз қажет Профильді өзгерту үшін сайтқа кіру қажет Дұрыс email жазып көрсетіңіз Мәлімет таңдаулыға қосылды Таңдаулыға қосу Таңдаулыдан алып тастау Құпия сөздер сәйкес келмейді Сайтқа кіретін құпия сөз жазып көрсетіңіз Жақсы құпия сөзде кіші, бас латиндық әріптер және сандық белгілер болуы керек. Құпия сөзге тыныс белгілерін қосуға және ұзындығын кем дегенде 8 әріп жасауға ұсыныс береміз. Даусыңызға рахмет! Қосу +1 Алып тастау +1 Жауап нұсқасын таңдаңыз
Орын
жаңа тег қосу Слайдшоу қарау (пробел) Пауза Артқа Алға Орнынан көшіру Жабу (Esc) Толық көлеміне ашу Суретті жабу үшін жай басыңыз, қозғау үшін басып жібермеңіз
Пікіріңізге рахмет! Мәтін қойыңыз...
Күтіңіз...

Бір жарыстағы нәтижеге қарап отырып, қазақ боксының туы жығылған екен деп асығыс пікір айтуға болмайды - Мырзағали Айтжанов

Қазақстан құрамасының бас бапкері Азия чемпионатын қорытындылады.


Бокстан Қазақстан құрамасы Ташкентте өткен Азия чемпионатында 1 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды. Әлем чемпионатына 9 жолдама иеленді. Бір қарағанда жаман табыс емес. Бірақ шаршы алаң иесі Өзбекстан құрамасы 10 салмақтың тоғызында топ жарды. Шынында да өзбектер бізден мықты ма? Осы сұраққа жауапты ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтижановтан естігіміз келді. Сәтін салып, Алматы әуежайында Бакуде (Әзербайжан) өтетін Ислам ойындарына жолға шыққан бас бапкермен жолығып қалдық.

– Мырзағали Құланұлы, Ташкентте өткен Азия чемпионатын бас бапкер ретінде өзіңіз қалай бағалайсыз? Өзбектермен кездесуіміздің есебі – 1:7, бұл психологиялық тұрғыдан ауыр емес пе?

– Ауыр, әрине. Бірінші кезекте жанкүйерлерді ойлаймыз. Спорт мұндай жағдайларға толы. Өзбекстан құрамасы тек Қазақстанды емес, бүкіл Азияны ойсырата жеңіп отыр. Өз алаңында олар жақсы өнер көрсетті, жанкүйерлері қолдады. Боксшылары да жақсы жұдырықтасуға барын салды. Ол жағын да мойындауымыз керек. Бірақ біздің жігіттерден бір бас жоғары, өте мықты деп айта алмаймыз. Жарыс басқа жерде өтсе, нәтиже мүлде бөлек болатын шығар. Оны уақыт көрсетеді. Азияның бұған дейінгі үш чемпионатында – 2011, 2013 және 2015 жылдары, сырт жерлерде біз олардан жоғары тұрдық. Анағұрлым басым болдық. Әрине, қазір өзбек құрамасы күшті. Соңғы үш жыл ішінде жақсы жасақталды. Ал біздің бірінші нөмір рөлін атқарып барған жігіттердің басым бөлігі мұндай сынға тұңғыш рет түсті. Сылтау айтпаймыз, дегенмен уақыт өте келе бәрі орнына келетініне сенімдіміз. Есемізді қайтарамыз.

– Рио олимпиадасынан кейін біздің құрама жаңаратыны белгілі болып тұрды. Осы жолғы жарыста сіз ел чемпионатында көзге түскен жігіттерге сенім арттыңыз.

– Жарысқа көбінесе сыртта жақсы жұдырықтасатын, жүйкесі мықты жігіттерді алып баратынбыз. Сәтсіз қадам үшін біреуді кінәлаған дұрыс емес, дегенмен біреулерді тыңдай беруге де болмайды. Біз бұған дейін қалай жұмыс істеп жүрдік, сонымыз өте дұрыс екен. Бұл жолы көзіміз анық жетті. «Неге ірі жарыстарға ел чемпиондарын апармайсың, олар ел ішінде алтын жүлдені сән үшін ала ма?» деген сын жиі айтылып қалады.

Міне, осы Азия додасына сол жаңа чемпиондарымыздың басым бөлігін алып бардық. Кей салмақтағы үздіктер ғана бармады. Мысалы, 49 келіде Теміртас Жүсіповті сынға салып көрдік. Бірақ Досматовтан жеңіліп қалған соң, ел чемпионатында екінші болған Ержан Жомартқа мүмкіндік бердік. Кей спортшыларымыз сенімді ақтамады. Дегенмен оларды бірден санаттан шығарып тастамаймыз. Келешекте кем-кетікпен жұмыс істеп, шыңдай түсеміз.

– "Сыртта жақсы өнер көрсететін боксшы" дейсіз. Оны жалпы жұрт қалай түсінгені жөн?

– Кезінде Қазақстан чемпионы болмаған Әділбек Ниязымбетовтің жеңіс жолына қарайықшы. 2011 жылы Қазақстан чемпионатында ұтылып қалса да, 81 келі салмақта әлем чемпионатына соны апаруға бел будық. Бакуде Ниязымбетов елге күміс медаль сыйлады. Одан басқа да мысалдар өте көп. Қазір байқап жүреміз, Әділбектің өзін жұрттар қатты сынайды екен. «Ой, үнемі күміс медаль алады, құрамадан шығарып тастау керек қой» дейтін көрінеді. Әділбек жетістіктерін былай қойғанда, тәртібімен, шеберлігімен басқа жігіттерге үлгі болатын боксшы. Оның қасында бірге жаттыққан боксшының түйіп алар сабағы өте көп. Командада өзгелерге үлгі болатын жігіттер болуға тиіс. Қазақ сын айтуға өте шебер халық қой. Өзіміз де көріп жүрміз, өзбектер 2011-2014 жылдар аралығында ештеңе бітірген жоқ. 2008 жылғы Бейжің олимпиадасын қоса алып қарасақ та... Қазір оларда мықты буын пайда болды. Осы деңгейге олар бірден емес, бірте-бірте жетті. Өзбекстанның қазіргі құрамын 2013 жылы байқап, өзіміздің бапкерлерге айтқанмын. «Осы жігіттер екі-үш жылда пісіп, мықты болады» деп едім, расында солай болып шықты. Олимпиададан кейін де олар құрамада қалды, демек келесі Токио олимпиадасына дейін Өзбекстан құрамасы тұғырдан түспеуі де мүмкін. Оған жетпеуі де ғажап емес, бәрін шаршы алаң көрсетеді. Ал біздің жігіттер кемеліне келу үшін кемі бір-бір жарым жыл керек. Қазіргі құрамада 1995-1998 жылғы жігіттер өте көп, 70 пайыз деуге болады. Олар әлі қатаяды, сонда кімнің кім екенін көреміз әлі-ақ.

– 49 келінің жағдайын өзіңіз де айтып қалдыңыз. Біздің соңғы жылдардағы үш мықтыны да – Біржан Жақыповты да, Теміртас Жүсіповті де, Ержан Жомартты да Хасанбай Досматов тоқтатып жүр. Бұған қарсы не істеуге болады, бірдеңе ойластырып жүрсіз бе?

– Басқа да жігіттерді сынға салып көреміз. Хасанбай көз алдымызда өсті. Атағы жоқ, көпке танымал емес кездің өзінде ол өте ыңғайсыз қарсылас болатын. Бойы кіп-кішкентай, бірақ өте сезімтал, өте жылдам боксшы. Ауылда әбден шыңдалып өскен. Дегенмен оны өте талантты деуге болмайды. Барлық табысына жанкешті еңбекпен жетті. Бірақ әзірше оның жолына көлденең тұратын боксшы таппай тұрмыз. Іздейміз. Жігіттер жоқ емес, бар, соларды дайындаймыз. Ескерте кеткім келеді, бір жарыстағы нәтижеге қарап отырып, қазақ боксының туы жығылған екен деп асығыс пікір айтуға болмайды. Қанша жерден сәтсіз десек те, өзбектерге бұйырмай кеткен бір алтынды осы жолы біз алдық. Төрт боксшымыз финалға шықты, бұл жаман нәтиже емес. Толық дерлік жаңарған құрама өзінің бұған дейінгі жеңіс жолынан айнымайтынын дәлелдеді. Ең басты нәрсе – осы.

– 81 келіде Азия додасына Ерік Әлжановты апардыңыздар. Ол ел чемпионатында 75 келіде сынға түсіп, күміс алғанын білеміз. Салмағы жеңілдеу боксшыны сынға қосуға қандай қажеттілік болды?

– Бұл салмақтың мықтылары Ә.Ниязымбетов те, Ж.Әлімханұлы да жарақаттанып жатқасын, Әлжановты сынға қосуды қош көрдік. Одан бөлек, осы салмақта жастар арасындағы соңғы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Бекзат Нұрдәулетов бар. 75 келіде күміс алған Бек Нұрмағамбетов те 81 келіде сынға түсуге дайын. Бірақ олар әлі қатайған жоқ. Сондықтан жастардың сәті туған жоқ деп есептедік те, 81 келіде сынға түсетін боксшыны Әбілхан Аманқұл, Тұрсынбай Құлахмет және Ерік Әлжановтың арасынан таңдадық. Еріктің тәжірибесі бай екенін ескеріп, жарысқа қостық. Ол үмітімізді ақтады, күміс медальдан бөлек, әлем чемпионатына жолдама алды. Финалда ол Бектемір Меликузиевтен еш кем болған жоқ. Алғашқы раундтарда атақты қарсыласын тіпті сансыратты. Бірақ алаң иелерінен өте басым болмаса, жеңістің уыстан сусып кете беретінін шәкірттерге үнемі айтамын. Бұл жолы да солай болды.

– Аса ауыр салмақтағы боксшыларымыздың мүмкіндігін қалай бағалаған жөн? Мысалы, ел чемпионы Олжас Бұқаев Азияға барған жоқ...

– Бұқаев қазір «Астана Арландарының» сапында жүр. Ал бұл жолы Қамшыбек Қоңқабаевтан зор үміт күттік. Әлі сәл-сәл кем-кетігі бар. Әлем чемпионатына дейін бабына келеді, оған сеніміміз зор. Бұл салмақта да жастар аз емес. Ислам ойындарына 20-ға енді толатын Нұрлан Сапарбай қатысады, 19 жастағы Айбол Дәуренұлы бар. 19-20 жастағы жігіттер бір-екі жылда өсіп-жетіледі.

– 56 келіде құраманың көптен бергі көшбасшысы Қайрат Ералиевке де сын көп айтылады. Жанкүйерлер оның топ жаратын кезі өтіп кеткен жоқ па деп алаңдайды...

– Жүлдеге ілінбей жүрсе, сын айтылғаны жөн. Кейбір жанкүйерлер оны менің шәкіртім екенін айтып, әңгіме етуі мүмкін. Қайрат – Қазақстан чемпионатын таза ұтып алған боксшы. Оны ешкім ешқайда тықпалап жатқан жоқ. Біз бір емес, үш құрамды бірден дайындаймыз. Қазір бұл салмақта 52-ден ауысқан Ілияс Сүлейменов бар. Ислам ойындарында Нұрбол Қалжанов сынға түседі. Басқа да жас жігіттерді жіті қадағалап жүрміз. Олимпиадаға дейін уақыт бар, сол себепті қазірден-ақ «мынау күмәнсіз кандидат» деп ешкімді айтуға болмайды. Ешкім ешқандай орынды иеленіп алған жоқ. Әр жарыста көрсеткен нәтижесіне байланысты іріктеп отырамыз.

– Биылғы әлем чемпионатына 9 боксшымыз жолдама алды. Бұл жолдамалар жеңіп алған боксшыларға ғана тиесілі ме?

– Бокста жүйе бұрыннан осындай. Кезінде әлем чемпионатына бәрі қатыса беретін. Қазір іріктеу арқылы ғана өтеді. Рио олимпиадасының алдында Қатарда өткен әлемдік додада жолдамалар атаулы болатын. Осы 9 жігіт енді барын салып дайындалады.

– Әр олимпиада алдында мамандар да, жанкүйерлер де бір мықты боксшымызды болашақ фаворит деп айдарлап қоятын. Мысалы, Лондон қарсаңында – Серік Сәпиев, Риоға жақындағанда Данияр Елеусінов алтыннан үміткер делінді. Олар сол сенімді ақтады. Енді Токио додасына қарай құрамадан сондай бір көшбасшы шыға ма?

– Мұны бір-бір жарым жылдан соң анық айта аламыз. Төрт жыл бұрын ешкім ештеңе дей алмайды. Серікті де, Даниярды да олипиялық цикл жаңа басталғанде ешкім алтыннан үміткер деген жоқ. Токио олимпиадасына дейін Азия ойындары, Азия чемпионаты, әлем біріншілігі бар, содан кейін нақты айтуға болады. Қазақ топырағы мықты жігіт тумай тұрмайды, бұған бәріміздің көзіміз әлдеқашан жеткен. Бір жарыста жалғыз алтын алғанымыз үшін салымызды ерте бастан суға кетіруге болмайды. Жеңіс дәстүрі әбден қалыптасқан құрамамыз бар, сол заңдылықтарды әрі қарай ұластыра түсуге біз де үміттіміз. Боксшыларымыз биігінен төмендемейді, осыған сеніңіздер.
Әңгімелескен Есей ЖЕҢІСҰЛЫ

zhasalash.kz
  Пікір: 0
  0